2019 жылдың 19 ақпан күні Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі білім алушылары мен Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен "Ауған соғысында от кешкендер" тақырыбында кездесу кеші өткізілді. Кештің мақсаты: Жауынгерлердің ерліктерін қазіргі жас ұрпаққа таныстыру, Ауған соғысы жайында кеңінен мәлімет беру, білім алушыларды ерлікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру.

     Осыдан 30 бұрынғы он жылға созылған сұм соғыс, яғни Кеңес әскерінің Ауған жеріндегі 1979-1989 жылдар аралығындағы соғыста интернационалист-жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылдың 25 желтоқсаннан 1989 жылдың 15 ақпаны, яғни 9 жылдан аса уақыт бойы Кеңес әскерлерінің шектеулі құрамы Ауған жерінде ұрыс жүргізді. Қазір Ауған жеріндегі соғысқа қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Алайда бір шындығы - әскерлеріміз интернационалдық борыштарын өтеп, ауған халқына көмектесті.

"АУҒАН СОҒЫСЫНДА ОТ КЕШКЕНДЕР"

     Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері Жаров Әлібек Кәрімбекұлы - Қызылорда облыстық "Ауған соғыс ардагерлері мен мүгедектер Кеңесі" Қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Жакебаев Талғат Назарбекұлы – Қызылорда облыстық "Ауған соғыс ардагерлері мен мүгедектер Кеңесі" Қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Тайманов Сағат Тамшыбайұлы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлкеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты қатысты.

    Кездесу аясында ардагерлер сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктері жайында емес, сол кездегі орталықтық бұйрығын орындау, ел қорғауға ант беру әр ер азаматтың борышы екендігі жайында айта келе жастарға елін, жерін қорғауда нағыз патриот болуы және білімдерін, күш жігерлерін ел игілігіне жұмсауы қажеттігі жайында әңгіме өрбітті.

     Тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тамшыбайұлы: бұл соғыста көрсеткен ерліктерін мақтан етпейтінін, сол кездегі әскери борышын өтеуге аттанған әрбір азамат орталықтың бұйрығын бұлжытпай орындауға әрқашан дайын болатынын баяндай келе, қазіргі тәуелсіз еліміздің тыныштығы жолында жастарымыздың рухын көтеріп, білімді, жігерлі ететін әңгімелерін баяндап,  білім алушылар тарапынан қойылған бірнеше сұрақтарға жауап берді. Білім алушылар ардагерлер ағаларына арнаған өлең шумақтарын оқып, патриоттық әндер орындады.

     Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге сый-сияпат, лайықты құрмет көрсетіп атақ-абыройын асқақтату – елдігіміздің белгісі. Ауған қаһармандарын қадірлеп құрметтеп, Отан алдында борышын адал атқарған абзал азамат, өз елінің патриот жауынгері ретінде жоғары бағалаймыз. Кездесу соңында Ауған соғысы ардагерлеріне колледж әкімшілігі сый-сияпаттарын табыстап, құрмет көрсетті.

Колледж әкімшілігі